«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы бағытындағы БАҚ шеруі аяқталды

None
АЛМАТЫ. Маусымның 26-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы боймен өткен бұқаралық ақпарат құралдарының шеруі Ақтөбе облысына жетіп аяқталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігі ұйымдастырған шеру барысында БАҚ өкілдері еліміздің 4 облысы аумағын басып өтіп, халықаралық ірі жобаның жүргізілуі барысымен танысуға мүмкіндік алды. Естеріңізге сала кетейік, шеру маусымның 19-ы күні басталған болатын. 6 күннің ішінде БАҚ өкілдері Астана, Шу, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Арал, Ақтөбе бағытында 2100 шақырымды жүріп өтті. Шеру барысында оларға «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінде атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Сондай-ақ, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Кеше Ақтөбе облысы аумағында шеруге қатысушылармен Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов пен Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов кездесіп, БАҚ өкілдерімен сұхбаттасты. Сонымен бірге, журналистерді алдағы кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс сезімдерін білдірді.

«Өздеріңіз бес күн ішінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы жұмыстарының қалай атқарылып жатқанын көрдіңіздер. Бұл Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ұлы жоба. Мемлекет пен халық үшін бұл жобадан түсер пайда зор», деді ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов.

БАҚ өкілдерінің айтуынша, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолы өтетін облыс аумақтарында қызу жұмыстар жүріп жатыр. Барлық жерде жол бойына жан кіріп, жұмыс белсенді түрде атқарылуда. «Бұл жұмыстардың ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайына тигізер пайдасы зор. біз аралап өткен аумақтардағы тұрғындар да бұл жобаныцң қарқын алуына өз ризашылықтарын білдіруде», деді «Дала мен қала» газеті тілшілер қосынының жетекшісі Нұрлан Жұмахан.