«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы биыл 5 мың жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етуі керек - Ә. Құсайынов

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізі жобасы биыл 5 мың жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етуі керек. Бұл туралы бүгін Көлік және коммуникация министрлігінің Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға арналған алқа мәжілісінде ведомство басшысы Әбілғазы Құсайынов айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Басымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру - көлік саласы алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Бұлардың ішіндегі ең маңыздысы ? «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізін жаңалау. Бұл жобаны іске асыру үшін халықаралық қаржы институттарының заемдарын тарту амалдарын тездетіп аяқтап, негізгі жұмыстарды бастау қажет. Ағымдағы жылы жоба 5 мың жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етуі керек», - деді алқада Ә. Құсайынов. Оның айтуынша, келешекте осы жоба аясында құрылатын жұмыс орындарының саны 50 мыңға дейін ұлғаюы тиіс.