«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын іске асыру барысында Жамбыл облысында биылғы жылы 30,5 миллиард теңге игерілуі тиіс

АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат. 2010 жылғы 11 ақпанда ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов өңірлік басқару орталығы отырысында Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының осы аумақта іске асыру барысы бойынша баяндады,

деп хабарлайды Министрліктің баспасөз қызметі.

Халықаралық дәліздің облыс бойынша ұзақтығы 558 шақырым, оның 480 шақырымын қайта жаңарту жоспарланған.

Жолдың қазіргі жағдайын ескере отырып, ұзақтығы 283 шақырым 4 жолақты I техникалық санаттағы негізгі қозғалыс бағытында цемент-бетон жамылғы орнату көзделген. 197 шақырым 2 жолақты II санат деңгейіне келтіріледі. Олардың ішінде Тараз қаласының айналма жолының 60 шақырым, Қайнар - Қордай учаскесінің 45, Қордайдың айналма жолының 76 және Қырғызстан шекарасына кірме жолдың 1 шақырымы бар.

Сонымен қатар, қарсы жолға шығып кетпеу үшін қозғалысты шектейтін қоршаулар орнату, елді мекендер және көліктік айырым арқылы өтетін учаскелерді жарықтандыру, Күйік, Машат, Қордай асулары арқылы өтетін айналма жолдарды қалыпқа келтіру жоспарланған. Сондай-ақ, Қырғыз Республикасы аумағын айналып өтетін, бұрын мемлекеттік шекараны бірнеше жерден кесіп өтетін Камышановка және Степное ауылдары маңындағы жолдарды қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

11 учаске бойынша жүретін құрылыс жұмыстары Азия даму банкісінің займдық қаражаты есебінен қаржыландырылады. 700 млн. $ жалпы ұзақтығы 317 шақырым 8 учаскедегі жұмыстарды жүргізуге бағытталады. Ислам даму банкісі беретін 398 млн. $ ұзақтығы 63 шақырым учаскелерді қайту құруға арналған. Сонымен қатар, жұмыстардың бір бөлігіне республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді.

Бүгінгі таңда банктермен жалпы сомасы 697 млн. $ займ жөніндегі келісімдерге қол қойылды. АДБ 1 транш бойынша 126 шақырым жол учаскесінде құрылыс жұмыстары бойынша келісімшартқа қол қойылып, жалпы сомасы 4,7 млрд. теңге аванстар төленді.

Мердігерлер қатарында - «Ақмола Құрылыс Материалдары» ЖШС (45 шақырым), «Казахдорстрой» ЖШС (41 шақ.), «КСС/Жамбылжолқұрылыс (40 шақ.) ЖШС. Барлық 3 учаске бойынша әзірлік жұмыстары, материалдарды жеткізу мен дайындау жүргізілуде. 143 мың текше метр шағылтас дайындылып, 106 техника, 224 жұмыскер жұмылдырылған.

Үстіміздегі жылдың қаңтарында Ислам даму банкісінің 1 траншы бойынша «К-Дорстрой» ЖШС-мен ұзақтығы 58 шақырым жолды қайта жаңарту бойынша келісімшартқа қол қойылды. Жақын арада мердігер жұмысқа кіріскелі отыр.

Жалпы құрылыс жұмыстарын материалмен қамтамасыз ету үшін 1 085 мың текше метр шағылтас, 10 мың тонна битум, 785 мың тонна цемент қажет.

Құрылыс жұмыстарына 2,8 мың жол-құрылыс техникасы мен 9,8 мың адам жұмылдырылады.

Үстіміздегі жылы облыс бойынша жобаны іске асыру барысында 30,5 млрд. теңге игерілуі тиіс, жұмыс жүргізу кестесі бойынша 84 шақырым учаскеде қозғалыс ашылатын болады.