«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасының Қазақстан экономикасына берері мол

None
; АЛМАТЫ. Маусымның 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жобасына мердігер компания ретінде қатысу үлкен сенім мен үміт ұялатады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы аясында Жамбыл облысы аумағының 443-483 шақырымында жол құрылысы жұмыстарын жүзеге асырып жатқан кореялық «КСС E& C/ Zhambul Zhol Kurylys» компаниясының бас директоры Ванг Хенг Сок айтты.

«Бұл сөзсіз өте ірі, өте маңызды жоба. Қазақстанның экономикасына әсері өте жақсы болады деп ойлаймын. Бұл жобаны қолдаймыз», дейді шетелдік мердігер. Ванг Хенг Сок өзінің бұған дейін БАӘ, Қытай, Таяу Шығыс, Корея елдерінде жол салу жұмыстарын жүзеге асырғанын, әйтсе де бұндай ірі жобаға қатысуы тұңғыш рет екенін айтады.

«КСС E& C/ Zhambul Zhol Kurylys» компаниясы салуы тиіс жолдың ұзындығы 40, 4 шақырым, 3 көпір бар. Биылғы жылы бұл жолдың бір бағыттағы 17 шақырымын бітіру көзделген. Қазіргі кезде жол бойында ұзын саны 255 техника, 836 адам жұмыс істеуде. «Атымыз шетелдік болғанымен мұнда істейтін шетелдіктер саны 17-ақ адам. Жоба талаптарына сай біз қазақстандық және жергілікті жердің жұмысшыларының басымдылығына мән береміз. Қазіргі кезде бізде 450 жергілікті жұмысшы бар. Оларға 90-120 мың теңге көлемінде айлық төленеді. Оларға тиімді жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасалған. Адам мен техника саны жеткілікті. Сондықтан жұмыстарды уақытында, жоспарға сай бітіреміз», дейді компания басшысы.