«Батыс Еуропа -Батыс Қытай» жобасының мердігерлерінің есептері тыңдалды

АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2010 жылғы сәуірдің 28-29 күндері ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов «Батыс Еуропа -Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі жобасын жүзеге асырушы мердігерлік ұйымдарымен кеңестер өткізді. Оларда Қызылорда, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында жұмыс жасап жатқан компаниялардың есептері тыңдалып көкейкесті мәселелері талқыланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Баспасөз қызметінің мәліметінше,өңірлер бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде жобаның іске асырылуын жер-жерде басқарып отыратын автомобиль жолдары комитетінің Қызылорда, Жамбыл және Ақтөбе облыстарындағы департаменттерінің директорлары хабарламалар жасаған.

Қызылорда департаментінің директоры Қозыбай Момынбековтің баяндауынша, бас мердігер «Сапини» АҚ мен «Тодини» АҚ жұмысты кестеге сәйкес және қажетті деңгейде ұйымдастырды. Сонымен қатар, техника мен адам күшін жұмылдырумен, материал дайындаумен нашар шұғылданған компаниялар да бар. Олардың қатарында «Импреза» АҚ мен «Аккорд/Окан» АҚ бар.

Жамбыл облысы бойынша «К-Дорстрой» АҚ компаниясының жұмысына оң баға берілсе, «АКМ» ЖШС мен «Казахдорстрой» ЖШС жұмыс кестесінен қалып қойғандығы жөнінен ескерту алды.

Ақтөбе облысында жұмыс жасап жатқан «Дена Рахсаз Казахстан» ЖШС компаниясының есебі ондағы жұмыс қарқынының төмендігін көрсетті.

Өзекті мәселелердің қатарында топырақ карьерлерінің құжаттарын ресімделуін кешіктіру, материал дайындау, жол-құрылыс техникасын және асфальт-бетон зауыттарын жұмылдыру кестесінен қалып қою орын алуда.

Кеңестердің жұмысын қорытындылай келе көлік ведомствосының басшысы жұмыс кестесінен қалып қоюшы компанияларға кемшіліктерді жою мерзімдері белгіленетіндіктерін айтты. Белгіленген кезеңде олардың қызметі мұқият тексеріледі, жағдай қайталанатын болса олардың лоттарын басқа мердігерлік ұйымдарына беру жөнінде шешім қабылданатын болады.