«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолының құрылысына 8 жылжымалы зертхана сатып алынды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің құрылысына қатысушы мердігер компаниялардың қол қойған келісімшарттары аясында қосымша 8 көпфункционалды жылжымалы жол диагностикалық жол зертханасы сатып алынды. Бұл туралы ҚР ИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Жол сапасына  бақылау жасауда шолу жасайтын камералармен, лазерлік өлшегіш және георадармен жабдықталған зертханалар көлікке орнатылған өнеркәсіп компьютеріне алынған нәтижелерді жолдап отырады.  

Жылжымалы зертханалар ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитетіне ресми тапсырылады. Одан кейін зертханалар «Облжолзертханаларына» өткізіледі (Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстары).

Өңірлерде зертхана көмегімен жалпы пайдаланымдағы автожолдардың жөнделуі мен күтіп ұсталуының сапасына бақылау жасалады. Жылжымалы зертханалар тапсырылар кезде оны пайдаланатын қызметкерлер арнайы оқытылады.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін реконструкциялау жобасы аясында «Алматы-Қорғас» учаскесінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыстар ұзақтығы 304 км болатын 8 учаскеде жүргізілуде,  оған 4 мердігерлік компания тартылған: «Догуш Иншат Ве Тиджарет Аноним Ширкети» және «Гюльсан Иншат Санайи Туризм Нак Ве Тидж» АҚ, «Todini & Impregilo & Казахдорстрой» БК (Италия/Италия/Қазақстан), «Evrascon & МО-1» БК (Әзербайжан/Қазақстан), OHL ZS (Чехия).  Учаскелердегі жұмыстар биыл аяқталады.