ОРАЛ. 2 сәуір. ҚазАқпарат - 9 сәуір күні Алматы қаласында Батыс Қазақстан облысының әртістері Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония залында концерт қояды.
Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония директоры Марат Қалиевтің айтуынша, концертке белгілі әнші, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биыл алпыс жасқа толған Қатимолла Бердіғалиев, танымал домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев қатысады. Сондай-ақ республикалық «Жас қанат» байқауының күміс жүлдегері, әнші Жаңылсын Хасанова, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның басқа да жас әртістері өнер көрсетеді.
Бұдан кейін батысқазақстандық әртістердің Алматы облысындағы гастрольдік сапары басталып, 23 сәуірге дейін жалғасады. Талдықорғанның өзінде жеті концерт қойылмақшы.
Сонымен қатар облыстық филармонияның әншілер Жаңылсын Хасанова, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, домбырашы Ақылбек Бектасов сынды халықаралық, республикалық байқауларда лауреат атанған бір топ жас әртістері «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жобасына қатыспақшы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).