Батыс Қазақстан мен Самара облыстары арасындағы ынтымақтастық нығая түспек

ОРАЛ. 13 тамыз. ҚазАқпарат - БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарымен көршілес Самара облысында болып, губернатор Николай Меркушкинмен кездесті. Онда екі аймақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.

Самара облысының губернаторы Н.Меркушкиннің атап өткеніндей, қос өңір арасында көптеген жылдар бойы тығыз байланыс орнаған. Бірлескен кәсіпорындар құрылып, сауда айналымы жыл сайын ұлғайып келеді. Мемлекеттік шекараға қарамастан, қазіргі саяси жағдай қарым-қатынасты бұрынғыдан да бекіте түсуді қажет етеді. Аймақтар арасындағы алғашқы келісімге 2002 жылы, екіншісіне бұдан екі жыл бұрын қол қойылған болатын. Бұл кездесу де - солардың заңды жалғасы.

БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев қызметіне кіріскеніне көп болмаған Н.Меркушкинді лауазымымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. «Қазақстан мен Ресей Президенттері көршілес елдер арасындағы өзара тиімді байланыстың тереңдей түсуіне күш салып келеді. Бұл ретте аймақтардың бірлесе дамуы жалпы елдің табысына жол ашады. Батыс Қазақстанда жұмыс жасайтын самаралық кәсіпкерлер өз кәсібін кеңейткісі келеді. Сізді ресми сапармен облысымызға шақырамыз. Бізде көрсететін, бөлісетін дүниелер бар. Ең бастысы, өзара байланыс жалғасын табуы керек», деді Нұрлан Асқарұлы.

Мұны құп алған Николай Меркушкин батысқазақстандықтарды 24-25 тамызда өтетін мордва халқының Ресей халықтарымен бірігуінің мыңжылдығына арналған шараларға шақырды. Н.Меркушкин бұл қызметінің алдында 17 жыл бойы Мордовия үкіметін басқарған екен.

-Ел бірлігі Қазақстан үшін де аса маңызды. Ұлтаралық және дінаралық келісім мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Дәстүрді жоғалтпаудың мәні зор. Батыс Қазақстанда 86 ұлыс өкілдері өмір сүруде, Қазақстан халқы облыстық  ассамблеясы жұмыс жасайды. Халықтар достығын нығайтуға арналған шараларды өткізу арқылы біз байланысымызды бекіте түсеміз. Самара облысындағы қазақ диаспорасы осындай шараларға белсене араласып келеді. Мен де сіздің шақыруыңызды құп аламын, - деді БҚО әкімі.

Бұдан кейін тараптар аймақтардың даму қарқынын көрсететін ақпараттармен бөлісті.

Кездесу соңында 2013-2015 жылдарға арналған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі келісімді жүзеге асыруға арналған шаралар хаттамасына қол қойылды.