Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры жаңа маусымын «Махамбет» спектаклімен ашты

ОРАЛ. Қыркүйектің 12-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қыркүйектің 11-інде Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры өзінің ХVІІ маусымын белгілі драматург-ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайыптың ( Иранбек Оразбаев ) «Махамбет» трагедиясымен ашты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш қойылымды кезінде елге танымал режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов сахналаған болатын.

Махамбет ролін Қуаныш Амандықов шығарса, Ербол Есендосов Исатай бейнесінде көрінеді. Теміржан Матаев - Жәңгір хан, Боранбай Молдабаев - Баймағамбет, Данияр Базарқұлов - Қайыпқали, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов Қарауылқожаны сомдады.

Театр директоры Құжырғали Төлеушевтің айтуынша, аталмыш өнер ұжымы жыл сайын маусымды осындай бірегей туындылармен ашуға бекініп отыр. Сонымен қатар театрда жаңа қойылымдар да әзірленуде.