ОРАЛ. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының жаңа 17-маусымы қыркүйектің 11-12-сінде Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиясымен ашылмақшы,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Театр директоры Құжырғали Төлеуішевтің айтуынша, енді батысқазақстандықтар жыл сайын осындай үрдіс қалыптастырмақ. Осы мақсатқа «Махамбеттен» басқа Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазы», Рахымжан Отарбаевтың «Сырымы» таңдап алынды. Бұл үш туындыны да сахналаған - белгілі режиссер Мұрат Ахманов. Ақ Жайықты мекендеп, тарихта өшпес ізі қалған Махамбет, Сырым мен Құрманғазы театр төлқұжаты болмақ.
Махамбет ролінде бұрынғыша Қуаныш Амандықов ойнаса, Исатайды Ербол Есендосов сомдайды.
Сонымен қатар театрда жаңа спектакльдер де әзірленуде. Сондай-ақ қыркүйектің 20-сынан бастап балалар үшін аптасына төрт рет ертегі қойылатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).