ОРАЛ. ҚазАқпарат – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің залында Сенат депутатын сайлау өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Таңдаушылар мен облыстық аумақтық сайлау комиссиясының бірлескен отырысына өңірдегі 191 депутаттың 183-і қатысты.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың мәлім еткеніндей, «Орал гуманитарлық колледжі» ММ-ның қаржы директоры Ляззат Рысбековаға 128 депутат (70 пайызы) дауыс берді.
«Батыс су арнасы» ЖШС директорының орынбасары Ақылбек Аманғалиев 30 дауыс (16,4 пайыз), Облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Ғалым Бекқалиев 24 дауыс (13,3 пайыз) жинады.
Осылайша Л.Рысбекова көпшілік дауысқа ие болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Сенат депутатына үш кандидат тіркелгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).