Батыс Қазақстан облысында 1718 шетелдік азамат жауапқа тартылды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында көші-қон полициясы бөлімшелерінде биылғы тоғыз айда 17321 шетелдік азамат тіркелсе, соның 2090-ы - алыс шет елден, 15231-і - ТМД елдерінен келгендер. Бұл туралы облыс прокуроры Серік Қарамановтың төрағалық етуімен өткен БҚО құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында айтылды.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осы мерзімде көші-қон заңдылығын бұзғаны үшін 1718 шетелдік немесе уақытша тіркелгендердің 10 пайызы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 113 шетелдік Қазақстан аумағынан шығарылды. Сондай-ақ жыл басынан бері сотқа дейінгі 28 іс жүргізілсе, соның 13-і - ҚР ҚК 392-бабы (ҚР мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту), 12-сі - ҚР ҚК 393-бабы (соттың шығару туралы шешімін орындамау), біреуі - ҚР ҚК 394-бабы (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру), екеуі ҚР ҚК 395-бабы (шетел жұмыс күшін заңсыз бірнеше рет пайдалану) бойынша тіркелді.

Тоғыз айда шетел жұмыс күшін тарту және пайдалану ережесін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 519-бабына сәйкес 78 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бұл былтырғыдан (59) әлдеқайда көп.

Үйлестіру кеңесінің отырысында заңсыз көші-қонға тосқауыл қою бағытында бірлескен іс-қимылды күшейту қажеттігі атап көрсетілді.