ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 200 тоннаға жуық пішен отқа оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 25 тамыз күні Жәнібек ауданы Ақоба ауылында болды.
«Сағат 00.44-те Х. Хабиуллин көшесі, 6 мекенжайында алдын ала мәлімет бойынша 150 тонна пішен мен аумағы 108 шаршы метр қора-қопсы жанды. Сондай-ақ, С. Сейфуллин көшесі, 4/1 мекенжайында 36 тонна пішен өртеніп кетті. Адамдар зардап шеккен жоқ. Өрт сағат 05.20-да оқшауланып, 10.48-де ауыздықталды. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде», - деп хабарлады ведомстводан.
Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, қасақана от қойылуы да ықтимал.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).