Батыс Қазақстан облысында 2020 жылға дейін мың шақырымнан астам жол күрделі жөндеуден өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2020 жылға дейін мың шақырымнан астам жол күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы аймақтық саясат пен мәслихат жұмыстары жөніндегі кеңестің отырысында мәлім болды. Еске салайық, онда Елбасы Жолдауы аясындағы «Батыс Қазақстан облысындағы көлік жолдарының ахуалы мен оны дамытудың келешегі туралы» мәселе талқыланған болатын.

Көлік және коммуникация министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2002 жылдан бастап Батыс Қазақстан аумағында және Атырау облысында екі көпір салынып, 2 235 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдары қалпына келтірілді.

«Ағымдағы жылы «Ақтөбе-Орал» учаскесінің 65 шақырымын жаңарту аяқталып, «Бейнеу-Шетпе» учаскесіндегі 240 шақырымын ашу жоспарланып отыр. Жақында «Шетпе-Ақтау» (170 шақырым) учаскесін қайта салу жұмысын бастауды жоспарлаймыз. Ал 2015 жылы «Бейнеу - Ақтау» учаскесіндегі займды үнемдеу есебінен «Жетібай - Жаңаөзен» автожолын қайта салуды жоспарланып отыр», - дейді министр. Оның айтуына қарағанда, Батыс Қазақстан аумағының республикалық маңызы бар жолдар жүйесін күтіп ұстау мақсатында 317 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу қарастырылған.

«Ағымдағы жылы Мемлекет басшысы бекіткен 2020 жылға дейінгі көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамыту және біріктіру жөнінде мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, Батыс Қазақстан аумағында 1 шақырымнан астам автожол күрделі жөндеуден өткізу көзделеді. Бұдан бөлек, жалпы ұзақтығы 1,3 мың шақырым «Ақтөбе - Атырау - Астрахан», «Бейнеу - Ақтау», «Жетібай - Жаңаөзен - Түркіменстан шекарасы», «Бейнеу - Ақжігіт - Өзбекстан шекарасы», «Орал - Каменка - РФ шекарасы» және «Жымпиты - Чапаев» республикалық маңызы бар автожолдарды қайта салу жоспарланып отыр», - деді Ж.Қасымбек.