ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 71 қой ұрлаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 4 қазан күні жедел іздестіру іс-шаралары барысында Орал қаласында 1992 жылғы екі тұрғын қолға түсті.
«Күдіктілерді ұстау кезінде «ГАЗель» автокөлігі тәркіленді. Айыпталушылар осы көлікпен ұрлық жасаған. Жүргізілген тергеу амалдары нәтижесінде шопан қыстағында жымқырылған мал саны анықталып, толық тәркіленді. Екі күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібімен Орал қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта облыс аумағында жасалған қылмысқа қатысты дәлелдемелік базаны жинау және олардың ашылмаған мал ұрлығы деректеріне қатыстылығын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында төбелеске қатысқан ресейліктердің елден шығарылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).