ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында балықшы суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға Ақжайық ауданы Сарытоғай ауылдық округінде болды.
61 жастағы тұрғын таңертең үйінен балық аулауға кетіп, содан оралмаған.
Жанама ауылынан бір шақырым жердегі Қарасу өзенінен марқұмның киімшең күйдегі денесін жергілікті тұрғындар сол күні түнде шығарды. Жағадан велосипед пен ауы бар қайық табылған.
Биыл облыста барлығы 14 адам суға кетсе, соның жетеуі – балалар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда екі адамға бұрыш баллонын шашқан тұрғынның ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).