ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында боранға байланысты республикалық жолда көлік қозғалысы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының мәліметі бойынша, Ақтөбе облысында ауа райының нашарлауына (боран, қатты жел) орай 3 наурыз күні жергілікті сағат 20.30-дан бастап Самара-Шымкент (393-526 км, Жымпиты ауылынан Ақтөбе облысының шекарасына дейін) республикалық маңызы бар күре жолы ауыр және қоғамдық көлік түрлері үшін жабылды.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында ескерту жарияланғанын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тағы бір республикалық жол жабылғанын, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген аудан әкіміне сөгіс жарияланғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).