ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 272 618 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, бұл – егілуге жататын тұрғындардың 65,8 пайызы.
Сондай-ақ 260 244-і (62,8 пайызы) екінші компонентті де салдырды.
Қазіргі таңда облыста 60 273 доза І, 115 008 доза ІІ компонент вакцина бар.
Облыс бойынша 64 902 адам ревакцинациядан өтті. 10 567 адам Pfizer компаниясының вакцинасын қабылдаса, соның 388-і – жүкті, 4 683-і – бала емізетін әйелдер, 5 489-ы – жасөспірімдер, жетеуі – мүгедектер.
Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, пандемия басталғаннан бері 49 613, соның ішінде биыл 9 543 адам коронавирус жұқтырды.
Соңғы тәулікте 5 науқас тіркелді.
Күні бүгін 751 төсектік 14 инфекциялық стационарда небәрі 27 науқас емделуде. Соның жетеуі ауыр халде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтыру 43,7 пайызға азайғанын, 800-ге жуық адамның карантин талабын бұзғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).