ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қар құрсауында қалған 12 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 20 ақпан күні түсте Шыңғырлау ауданы аумағында болды.
Сағат 12.58-де Ақтау ауылы маңында үш автокөлік батып, қар құрсауынан шыға алмаған.
Оқиға орнына №23 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері (3 адам, 1 техника) мен «Ернар» шаруа қожалығынан 2 адам 1 техникамен барып, қолұшын созды.
Адамдар мен үш автокөлік Шыңғырлау ауылындағы жылыту пунктіне жеткізілді. 12 адам құтқарылса, соның жетеуі – балалар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ауа райының нашарлауына байланысты жолдар жабылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).