деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Мамырдың 21-і сағат 17:30-дағы жағдайға сәйкес 4 500 гектар аумақта қырылған киіктердің саны 3200-ге жетті», делінген ведомство ақпаратында.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, мамырдың 20-ында сағат 11:20-да Жәнбек ауданы (Жақсыбай ауылдық округінің Айдарлы, Жұмаш және Борсы ауылдық округінің Вышка, Қайдар, Шалаш елді мекендері) аумағында киіктердің жаппай өлуі туралы ақпарат келіп түскен. Оқиғаның салдарын анықтау мақсатында комиссия құрылған.
Сәл кейінірек Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев Батыс Қазақстанда өлген киіктер саны 2 мыңға жеткендігін мәлім етті.
Мамырдың 20-сы күні арнайы комиссия киіктердің өлігі табылған аймаққа тексеруге шыққанда тағы 1200 өлген киік тапқандығын атап өткен ол, «киіктердің өлімінің бірінші белгілері, олардың іштері кеуіп кеткен, ал ауыздарынан жасыл көбік ағып жатыр. Қазіргі таңда оның не себепті болғандығы анықталуда. Оқиғаның салдары зерттелуде. Жақын арада біз оның нақты себептерін білеміз деген ойдамын», деген болатын.
Кеше аймаққа тексеру жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы сала мамандары шықты. Оның құрамында Батыс Қазақстан облысының әкімі, прокуратура, Төтенше жағдайлар мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының мамандары бар.
«Ертең кешкісін біз киіктердің не себептен өлгендігін нақты анықтап, жағдайды біліп қайтамыз. Егер киіктердің өліміне қандай да бір адами факторлар әсер еткен жағдайда оған кінәлі азаматтарға немесе тиісті мекеме басшыларына қатысты қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін. Себебі 2 мың киік дегеніңіз өте үлкен шығын», деген болатын комитет төрағасы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты барысында.
Оның мәліметтерінше, Батыс Қазақстан аймағында осы уақытқа дейін 26 600 киік болған. Ал республика бойынша, киіктер саны 2003 жылы - 21 мың болса, осы уақытқа дейін олар 90 мыңға жеткен.