ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының «Әлеуметтік бес бастамасына» сәйкес Батыс Қазақстан облысындағы оқу орындары үшін кемінде төрт жатақхана салынады. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті ХVІ сессиясына қатысқан өңір басшысы Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңір басшысының айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, облыстағы ЖОО-лар жанынан жатақханалар салу көзделуде. Биыл қос бірдей жатақхана құрылысы басталады. Сонымен қатар Оралдағы индустриалды колледж жанынан жатақхана салынады. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға қажетті қаржы бүгінгі сессияда бөлінді.
Айта кетейік, облыстық бюджет 20,2 млрд теңгеге нақтыланды. Соның ішінде 9,3 млрд теңге «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталды. Биыл 21 көпқабатты тұрғын үй салынып, қажетті инженерлік коммуникациялар тартылмақ. Сол секілді әлеуметтік сала шығындарына 5 млрд теңге, көліктік инфрақұрылымды дамытуға 1 млрд теңге қарастырылды. Ауыл шаруашылығы, ветеринария және қоршаған ортаны қорғауға 388,6 млн теңге, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына 437,6 млн теңге, сумен және газбен қамтуға 315,3 млн теңге бөлінді.
Аталған өзгерістерді есептегенде, облыстық бюджет кірістер мен шығыстар бойынша 126,1 млрд теңгеге жетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).