Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресми өкілдің айтуынша, Батыс Қазақстан облысында қылмыстық топқа қатысты 39 қылмыстық іс сотта қаралуда. Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы, Зашаған ауыл округы әкімшілігінің маманы мен оның сыбайластары заңдастыру арқылы жер телімдеріне деген меншік құқығын заңсыз иемденіп, оларды кейіннен сатып отырған.
Оның сөзіне қарағанда, азаматтар мен мемлекетке келтірілген шығын көлемі 44,9 миллион теңгені құрады. Аталған қылмыстық әрекетті ұйымдастырушы тұтқындалып, сыбайласы кетпеу туралы қолхатқа қол қойған, ал екіншісіне іздеу жарияланған.
М. Жұманбай Қарағанды облысында Ауыл шаруашылығы департаментінің бұрынғы директоры мен Т. атты азаматқа қатысты қылмыстық істі тергеу амалдары аяқталғанын жеткізді. Олар «КТ АК Бұлақ» ЖШС-ның есеп айыру шотына аудару арқылы заңсыз жолмен табылған 100 миллион теңгені заңдастырған. Қылмысты ұйымдастырушыға іздеу жарияланып, ал оның сыбайласына қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді.