Батыс Қазақстан облысының әкімі Норвегия Елшісін қабылдады

None
ОРАЛ. 23 қазан. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев 22 қазан күні Норвегияның Қазақстандағы Елшісі Оле Йохан Бернойды қабылдады.

Өңір басшысы мұндай кездесулердің халықаралық мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуда рөлі зор екенін атап өтті.

Бұл сапар Оле Йохан Бернойдың Батыс Қазақстан топырағына тұңғыш сапары. Ел-жерімізбен танысуды мақсат еткен Елші бұдан әрі Атырауға, Ақтау, Алматы және Астанаға ат басын тіремек.

«Менің іссапарымның мақсаты - аймақтармен жақынырақ танысу. Батыс аймағы - Қазақстандағы даму қарқыны жоғары өңірлердің бірі. Сіздерде біздің елмен экономикалық ынтымақтастық орнатуға алғашқы қадамдар жасалуда. Мәселен, норвегиялық жабдық - сорғыны қолдана бастадыңыздар. Орал өте әдемі қала екен, театрға бас сұғып, басты көшелерімен жүрдім. Мұндағы климат та Норвегиядағыдай. Алда екі елді өзара тиімді ынтымақтастықтың зор мүмкіндігі күтіп тұр деп ойлаймын», - деді Елші.