Батыс Қазақстан облысының бюджеті 36,7 млрд. теңгені құрады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жыл басындағы қалдықты қоса есептегенде, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының бюджеті 36,7 млрд. теңгені құраса, соның ішінде 27,3 млрд. теңге кіріс болып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыстық қаржы басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кірістің негізгі көздері - республикалық бюджет трансферттері (60,8 пайыз) және салықтық түсімдер (33,8 пайыз).

Биылғы үш айда республикалық бюджеттен 16,6 млрд. теңге түссе, соның 10,8 млрд. теңгесі - субвенциялар. 5,8 млрд. теңге - мақсатты трансферттер.

Салықтық түсімдердің 91,5 пайызын (8,5 млрд. теңге) табыс және әлеуметтік салық құрап отыр.

Бюджеттің шығыс бөлігі 98,7 пайызға немесе 23,4 млрд. теңгеге орындалды. Соның ішінде 2,9 млрд. теңге (12,4 пайыз) білім саласына жұмсалды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мамандар даярлауға 1,4 млрд. теңге берілді. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына 3,9 млрд. теңге (16,7 пайыз) бөлінді. Басқа да салаларға қаржы тиісінше бағытталуда.