Батыс Қазақстан облысының халқы 623 мыңнан асты
15:47, 20 Желтоқсан 2009
ОРАЛ. Желтоқсанның 20-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысының халқы 623,3 мыңға жетті.
Облыстық статистика департаментінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, оның 281408-і - қала, 341844-і ауыл тұрғындары болып отыр. Облыс орталығы Орал қаласында 246,9 мың адам тұрады. Жыл басынан бері облыс халқы 4467 адамға көбейді. Тұрғындар саны төрт аудан мен облыс орталығында өсіп отыр.
Өткен жылы он айда 9797 сәби дүниеге келсе, биыл сол мерзімде 9834 нәресте өмір есігін ашты. 2008 жылы он айда 5323 адам қайтса, биыл бұл көрсеткіш 5047 болды.