Батыс Қазақстан облысының үш ауданында әкімдер сайланады

Фото: Рафхат Халелов
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Қаратөбе және Тасқала аудандарында әкімдер сайланады. Бұл туралы БҚО мәслихатының кезектен тыс өткізілген алтыншы сессиясында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев, БҚО мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев, БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов қатысқан сессияның күн тәртібінде аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау жөніндегі пилоттық аймақтардың тізімі және пилоттық аймақтардың әкімдерінің сайлауын өткізу күні туралы мәселе қаралды.

Сессияда аталып өтілгеніндей, Мемлекет басшысының бастамасымен аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау азаматтардың конституциялық құқықтарын толыққанды іске асырудағы белсенділігін арттыруға, халықтың билікке деген сенімін және әкімнің халық алдында есеп беруін күшейтуге, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында биыл елімізде тұңғыш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтетінін мәлімдеген болатын. Соның үшеуі Батыс Қазақстан облысына тиесілі.

Мәслихат депутаттары тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында мәселені жан-жақты талқылап, пилоттық негізде Бөкей ордасы, Қаратөбе және Тасқала аудандарының әкімдерін сайлауды ұсынды.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, мәслихаттың шешімімен осы үш аудан әкімдерінің сайлауы 5 қараша күні өтеді деп бірауыздан бекітілді.