ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыс аумағында биылғы 10 сәуірден бері тұрғындардан заңсыз сақталып отырған қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу шарасы жүргізілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жыл басынан бері азаматтардан 140 өтініш түсіп, 160 дана қару тапсырылды. Соның 14-і ұзын ұңғылы, үшеуі қысқа ұңғылы, 135-і тегіс ұңғылы, 8-і травматикалық қару болса, 1175 - оқ-дәрі, біреуі - артиллериялық снаряд.
Комиссия қару-жарақты жалпы сомасы 8 млн 034 мың теңгеге сатып алу жөнінде 140 шешім қабылдады. Қаржы толықтай төленді.
Еске сала кетейік, республикалық бюджеттен осы мақсатқа 8 млн 034 мың теңге бөлінген болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).