ОРАЛ. ҚазАқпарат - 3 мамыр күні сағат 16.30 шамасында Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылында қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Аталмыш ауылдық округ әкімі Абат Зейнуллиннің сөзіне қарағанда, жолаушы тасымалдайтын автобус жас жарым шамасындағы қыз баланы басып кетіп, ол оқиға орнында көз жұмған. Сол күні қаладан жолаушы тасымалдап келген көлік иесіне ауыл тұрғыны жолақысын төлеп тұрып, өзінен бұрын сәбиінің түсіп кеткенін аңдамай қалған. Анасынан бұрын көліктен түскен қыз бала автокөліктің астына кіріп кетіп, ол қозғалған кезде қайғылы оқиға орын алған.
Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде.
4 мамыр күні аудан әкімі Асхат Шахаров осы оқиғаға байланысты тиісті бөлімдер басшылары мен барлық ауылдық округ әкімдерін жинап, шұғыл отырыс өткізді. Онда жол ережесін сақтау, балаларды қараусыз қалдырмау, ата-аналар арасында түсінік жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).