Батыс Қазақстанда «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес бірнеше нысан іске қосылды

None
ОРАЛ. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес бірнеше денсаулық сақтау нысаны іске қосылды.

Зеленов ауданы орталығы Переметный ауылында 120 төсектік аурухана пайдалануға берілді. Бұл нысанға бюджеттен 2,3 миллиардтан астам теңге жұмсалған. Құрылысы 2008 жылдың күзінде басталған нысанды мердігер «Әлім» ЖШС мерзімінен төрт ай бұрын, Астана күні қарсаңында іске қосты. Аурухана кабинеттері Ресей, АҚШ, Германия, Қытай, Чехияның жетекші фирмаларының жабдықтарымен жасақталған. Жаңа емдеу мекемесінде 40-тай дәрігер, барлығы 270-тей медицина қызметкері еңбек ететін болады.

Теректі ауданы Ақжайық ауылында бой көтерген 100 төсектік, үш қабатты аурухананы құрылысы (мердігері - «Домостроитель» ЖШС) үш жылға есептелгенімен, облыс басшылығының қолдауымен 1 жыл 8 айда аяқталды. Бұған республикалық бюджеттен 1 млрд. 245 млн. теңге бөлінген болатын.

Орал қаласына қарасты Желаев кентінде ашылған, ауысымына 35 адамды қабылдайтын қазіргі заманғы дәрігерлік амбулатория да тұрғындар денсаулығын нығайту үшін қызмет ететін болады.