Батыс Қазақстанда 100 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы егілді
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның 74715-і «Спутник V», 1634-і «QazVac», 21540-ы «Hayat-Vax», 1643-і «CoronaVac» вакцинасын қабылдады.
Екінші компонентпен 65338 адам егілді.
Гүлнәр Мақсотқызының сөзіне қарағанда, осы кезге дейін облысқа 269100 доза (140500-і бірінші, 128600-і екінші компонент) вакцина келіп түсті. Соның ішінде 136560-ы (105550-і – І, 93550-і – ІІ компонент) – Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасы. Бірінші және екінші компонентті егу аралығындағы уақыт 45 күнді құрайды, қаулыға сәйкес азаматтардың өтініші негізінде 21 күннен 90 күнге дейін.
Сондай-ақ 4 мыңы (2 мыңы – І, 2 мыңы – ІІ компонент) – отандық «QAZVAС» вакцинасы. Мұндағы аралық – 21 күн.
Елу мыңы (жартысы – І, жартысы – ІІ компонент) – Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген «Hayat-Vax» вакцинасы. Екінші компонентті 14-28 күн өткеннен кейін жасайды.
16 мыңы (8 мыңы – І, қалғаны – ІІ компонент) Қытайда өндірілген «CoronaVac» вакцинасы. Мұндағы аралық – 14-28 күн.
«Қазіргі таңда халықты індеттен қорғаудың жалғыз әрі тиімді жолы вакцинация екендігін өмір көрсетіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 60 пайыздан кем емес бөлігі вакциналануы тиіс. Вакцина белгілі бір ауруға қатысты арнайы иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді. Екпе алған адам ауырмайды. Сырқаттанған күннің өзінде ауру жеңіл өтеді», деді Г.Әбдірахманова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны өскенін жазған едік.