ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға 104191 адам кезекте тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның 72437-сі Орал қаласының үлесіне тиеді.
Оның айтуынша, 2019 жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін облыс аудандарында 1502, биыл 366 жер телімі берілді.
Күні бүгін облыс бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 572 жер телімін (363-і – Бөрлі, 209-ы Бәйтерек ауданында) беру жоспарлануда.
«2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Оралға қарасты Круглоозерный кенті аумағында 1141 жер теліміне егжей-тегжейлі жобалау жоспары дайындалып, бекітілді. Қазіргі кезде аталған жер телімдерін сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз етілгеннен кейін жер телімдері кезекке сәйкес берілетін болады. Сонымен қатар тиісті жұмыстар аяқталғаннан кейін Қаратөбе ауданында 144, Теректіде 528 жер телімі иелеріне табыс етіледі», деді М.Өмірәлиев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).