Батыс Қазақстанда 100 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылмақ
БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның мәлім еткеніндей, бұл – 1-10 сыныпта оқитын балалардың жалпы санының 93,6 пайызы.
Өткен жылы 103 438 оқушы (95,5 пайыз) демалған еді.
Оның сөзіне қарағанда, облыс бойынша түрлі бағыттағы 680 лагерь (өткен жылы – 608) жұмыс жасайды. Соның ішінде қала сыртындағы 19 лагерь өз жұмысын санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қорытындыларын алғаннан кейін бастайтын болады. Бұларда 7 310 оқушы (2022 жылы – 7 631) демалмақ.
Мектеп жанындағы тамақтануы ұйымдастырылатын 282 лагерьде 28 282 (өткен жылы 275 лагерьде 32 169 оқушы), тамақ ұйымдастырылмайтын сондай 375 лагерь мен бейіндік алаңдарда 59 586 (305 лагерьде 52 899) оқушы тынығады. Оған қоса 9 шатырлы лагерьге 2 931 (3 117), ата-аналарымен басқа да демалу орындарына 4 782 (7241) бала бармақ.
«Облыс бойынша әлеуметтік қорғалмаған балалардың ішінен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 452, аз қамтылған отбасылардан 7 829 бала түгелдей демалыспен қамтылады. Сол секілді мүмкіндігі шектеулі 2 951 баланың 96,3 пайызы, девиантты мінез-құлықты (мектеп есебінде тұрған, қолайсыз отбасы балалары және полиция бөлімдерінде есепте тұрғандар) 556 оқушының 98,5 пайызы жазда тынықпақ. Жалпы, 2023 жылы жалпыға міндетті оқу қорынан жекелеген санаттағы балаларды жазғы демалыспен қамтуға 123,0 млн теңге (2022 жылы – 72 351,0 мың теңге) қаралды», деді А.Мыңбаева.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 254 оқушының «Алтын белгіден» үміткер екендігін жазған болатынбыз.