ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 390 мектепте 108 мыңнан астам шәкірт оқу жылын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, карантинге байланысты биыл соңғы қоңырау мерекесіне арналған онлайн сынып сағаттары ұйымдастырылды.
Облыс бойынша биыл 5142 түлек мектеп бітірді. Соның ішінде 362-сі «Алтын белгі» иегері атанса, 223-і үздік аттестатқа қол жеткізді.
Өңірде 13005 мұғалім болса, соның ішінде 2668-і – жоғары санатты ұстаздар.
Әлеуметтік желілерде үздік мұғалімдер, шәкірттер табыстары, озық білім беру жобалары туралы «Сәт сапар, жас түлек!», «Ұстаздарға мың алғыс!», «Мектеп – білім ордасы», «Көңілді жазғы демалыс» деген тақырыпта бейнесюжеттер жарияланды.
Әлеуметтік желі арқылы таралғанындай, облыстан алыста орналасқан Жәнібек ауданында соңғы қоңырау ерекше ұйымдастырылды. Әдемі безендірілген автокөліктер әнмен бірге қоңырау соға отырып, ауылдар көшелерімен жүріп өтті. Өз үйлерінің жанында тұрған балалар оларға жалаушаларымен қол бұлғады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).