ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында суға батып кете жаздаған 13 жасар баланы жергілікті тұрғын құтқарып қалды. БҚО ТЖД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 3 маусым күні шамамен сағат 16:50-де Шыңғырлау ауданында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шыңғырлау ауылы маңындағы Елек өзеніне үш бала суға шомылуға барған.
Біреуі суға батып бара жатады. Қасында болған баланың бірі 112 нөміріне хабарласып, айқайлап, айналасындағыларды көмекке шақырған.
Сол Елек өзені жағалауындағы Набережная көшесінде 29-үйде тұратын Денис Липин айқайды естіп, жүгіріп барады. Суға батып бара жатқан жасөспірімді жағаға алып шығып, алғашқы медициналық жәрдем көрсеткен.
Осылайша, Денис Липиннің тез әрекет етуінің арқасында 13 жасар бала аман қалды.
Шыңғырлау ауданы ТЖБ бастығы Бақтияр Қатчеков құтқарылған баланың үйіне кіріп, жағдайының жақсы екендігіне көз жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жасөспірімнің Жайық өзеніне батып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).