ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 15 жасар жасөспірім Жайық өзеніне батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 25 маусым күні Теректі ауданы Ақжайық ауылында болды.
Сағат 15.45-те 15 жасар жасөспірім ұл шомылуға жабдықталмаған жерден Жайыққа түсіп, батып кетті.
БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының іздеу тобы баланың денесін сағат 22.24-те судан тауып, шығарды.
Өңірде жыл басынан бері осымен 13 адам суға кетсе, соның төртеуі балалар болып отыр.
Соңғы күндері Батыс Қазақстанда күн қатты ысып кетті. Соған байланысты БҚО ТЖ департаменті тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін еске салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда мас күйінде суға түскен екі адамның батып кеткенін, тұрғын үй өртеніп, бір отбасының баспанасыз қалғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).