ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Бекіре-2021» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 2,5 тоннадан астам балық тиеп келе жатқан автокөлік ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Ақжайық ауданы Бударин ауылы тұсында болды.
45 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан «Газель» автокөлігін тоқтатып, тексерген кезде 2500 кг қара балық, сондай-ақ 51 кг бекіре тұқымдас балық табылды.
Тәркіленген балық «Каспий Урал» ЖШС-ына сақтауға тапсырылды.
Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК 196-бабы 1-бөлігіне (көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті иемдену немесе өткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қызылордадан Оралдағы түрмеге есірткі жеткізбек болған қылмыстық топтың ұсталғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).