ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 2,5 тонна балық тиелген «ГАЗель» автокөлігі аударылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Орал қаласына қарасты Деркөл кентінде болған.
Аударылған көлік кузовынан 56 полиэтилен қапқа салынған қарабалық шықты. Көлік жүргізушісі балықты рұқсат қағаздарынсыз тасымалдаған. Тәркіленген 2504 келі балық «Каспий Урал» серіктестігіне сақтауға тапсырылды.
Сондай-ақ, полицейлер «Бекіре» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Орал-Саратов жолы бойында жалған ресейлік нөмір тағылған «ГАЗель» автокөлігі тоқтатылғанын хабарлады. Бұл көліктен рұқсат қағаздары жоқ, 66 қапқа салынған 3 тонна 102 кг қарабалық алынды.
«Қазіргі кезде ҚР ҚК 196-бабы 1-бөлігіне (көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - дейді департамент өкілдері.
Еске сала кетейік, Атырауда үш көліктен 100 келіден астам бекіре тұқымдас балық табылған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).