ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 2245 адам үйден бақылануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сондай-ақ провизорлық стационарда – 21, карантиндік стационарда 64 адам жатыр.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 148 адам ем алуда.
Батыс Қазақстанда коронавирустан емделіп шыққандар саны 107-ге жетті.
Бүгін тағы алты адам жазылып, үйлеріне жіберілді.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметованың айтуынша, олардың үшеуі – Орал қаласының, екеуі – Тасқала ауданының тұрғындары. Тағы бір адам Алматы қаласына қайтады.
«Ауруханада жатқандардың ішінде бір науқастың жағдайы ауыр. Қалғандары жеңіл және орташа халде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Ахметова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда үш түркістандық тұрғынның емделіп шыққанын, Батыс Қазақстанда карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).