ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 24 елді мекен электр жарығынсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сегіз ауданда барлығы 3112 абонент жарықсыз қалды.
Атап айтқанда, Бәйтерек ауданында 1596 абонент, Қазталовта 260, Ақжайықта 523, Жаңақалада 96, Теректіде 396, Шыңғырлауда 14, Сырымда 45, Бөрлі ауылдарында 182 абонент тосын жағдайға тап болды.
БҚО ТЖ департаментінде жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Қиын жерлерге шұғыл көмек жіберілуде.
Боранға байланысты республикалық және облыстық маңызы бар 11 жол жабылды.
Тасқала, Ақжайық және Бәйтерек аудандарында 21 техника қар құрсауында қалды.
Кешеден бері далада және қар құрсауында қалған адамдарды құтқару жұмыстары жүргізілуде.
Апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін көмек жұмыстарына 77 адам, 50 техника тартылған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда аязға байланысты бастауыш сыныптар оқушылары мектепке бармайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).