ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 249 871 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асхат Балықовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткендей, соның 178 742-сі «Спутник V» вакцинасын таңдады.
Сондай-ақ 232 484 адам вакцинаның екінші компонентін қабылдады.
А.Балықовтың айтуынша, 2286 адам Pfizer вакцинасымен егілді. Соның 1295-і - жасөспірімдер, 78-і - жүкті, 912-сі - бала емізетін әйелдер.
«Оқушылар ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімімен мектептерде арнайы кабинеттерде және емханаларда вакцина қабылдауда. Облыста вакцина жеткілікті», деді А.Балықов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы айда 97 оқушы, 19 мұғалімнен коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).