Батыс Қазақстанда 300-ден астам науқас инфекциялық стационарларда ем алып жатыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1059 төсектік 19 инфекциялық стационарда коронавирус жұқтырған 305 науқас ем алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, стационарлар 28,8 пайызға толған.

Оның сөзіне қарағанда, 94 төсектік жансақтау бөлімшесінде 37 адам (толымдылығы – 39,3 пайыз) емделуде. Соның ішінде 34-і ауыр, үшеуі аса ауыр халде. Үшеуі инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына, 14-і инвазивті емес осындай құрылғыға қосылған. 26 науқас қосымша жүрек-қан тамырлары ауруларына, 8-і қант диабетіне шалдыққан.

«Облыстық жедел жәрдем станциясына соңғы аптада барлығы 6 151 қоңырау шалынса, соның ішінде 776-сы (12,6 пайызы) КВИ-мен байланысты болды. 159 адам стационарға жатқызылды. Өткен тәулікте 830 шақыртудың 99-ы коронавирусқа қатысты болып, 26 науқас ауруханаға түсті. Күні бүгін облыс бойынша 959 адам амбулаторлық ем алуда, соның ішінде 69 пайызында ауру жеңіл өтуде, 8 пайызы – орташа ауыр, 23 пайызы – симптомы жоқтар», деді А.Қалибеков.

Өңірде пандемия басталғаннан бері коронавирус жұқтырған 37 472 адамның 29 912-сі немесе 79,8 пайызы жазылып шықты. Солардың 13 998-і стационарда, 15 914-і амбулаториялық ем алды. Індеттен барлығы 764, соның ішінде биыл 595 науқас көз жұмды.

Басқарма басшысы қала және аудан емханаларында «Спутник V», «QazVac», «Vero Cell» вакциналарының жеткілікті көлемде бар екендігін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 200-ге жуық адамнан коронавирус табылғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ 500-ге жуық оқушыдан коронавирус анықталды.