«2020 жылдың қорытындысы бойынша 42,3 млрд теңгеге 436 шақырым автожол жөнделді. 2021 жылы – 35,1 млрд теңгеге шамамен 300 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Биыл облыстың оңтүстік-батыс аудандарына автожолдар құрылысы жандандырылды. Бөлінген 20 млрд теңгеге 118 шақырым жол жөндеу жоспарлануда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі біздің өтінішімізді қолдап, «Атырау-Орал» трассасын қайта жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді бастады», - деді өңір әкімі Ғали Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, 2021 жылы кезекте тұрғандар үшін Орал және Ақсай қалаларында - 324 пәтер, ауылдық жерлерде – 139 пәтер салынады.
«Оның ішінде жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша 1042 пәтер салу жоспарланған. Сондай-ақ, дәрігерлер мен полиция қызметкерлері үшін мақсатты бағдарлама бойынша 120 пәтердің құрылысы басталады», - деді Ғ. Есқалиев.