ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 40 млн теңгені жымқырған «Қазпошта» АҚ БҚО филиалы пошта бөлімшелерінің бірінде жұмыс жасайтын екі әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті мәлім еткеніндей, қазіргі кезде ҚР ҚК 189-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған екі қызметкер ЖШС өкілінің осы серіктестік есепшотына аудару үшін тапсырған қаражатының бір бөлігін жымқырған. Келтірілген залал көлемі 33 млн теңгеден асты.
Сонымен қатар аталған екеу алдау және сенімге кіру жолымен зейнеткерлерге тиесілі 7 млн астам теңгені қолды қылған.
Осы қылмыстарға күдікті ретінде қолға түскен екі әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес басқа ақпарат жариялауға жатпайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қаржы пирамидасын құрып, салымшылардан 76 млн теңге түсірген әйел ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).