ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1123 төсектік 18 инфекциялық стационарда коронавирус жұқтырған 395 адам емделіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, соның ішінде Орал қаласында 600 төсектік 5 стационарда 321 науқас ем қабылдауда.
Басқарма мәліметіне қарағанда, індет басталғаннан бері 23070 адам тіркеліп, соның 18 мыңы жазылып шықты. 343-і өмірден өтті.
Соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған 60 адам анықталып, 22 науқас емделіп шықты.
Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 7,1 пайызға (44 адамға) төмендеді.
Жыл басынан бері 13849 адамнан індет табылса, соның 55,8 пайызы (7739) Орал қаласы, 14,2 пайызы (1973) Бәйтерек, 11,1 пайызы (1551) Бөрлі ауданының үлесіне тиеді.
Облыс бойынша күні бүгінге дейін 71510 адам вакцинаның бірінші, 34248-і екінші компонентімен егілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коронавирустан қайтқандар саны көбейгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).