БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, осы кезге дейін 269 462 адам (егілуге жататын тұрғындардың 65 пайызы) вакцинаның бірінші, 254 242-сі (61,4 пайызы) екінші компонентін салдырды.
Күні бүгін өңірде 70 833 доза І, 118 233 доза ІІ компонент, 173 доза «Спутник Light» вакцинасы бар.
Облыс бойынша 9 584 адам Pfizer компаниясының вакцинасымен егілсе, соның 346-сы – жүкті, 4 249-ы – бала емізетін әйелдер, 4 989-ы – жасөспірімдер.
Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, пандемия басталғаннан бері 49 271, соның ішінде биыл 9 201 адам коронавирус жұқтырды.
Қазіргі кезде 751 төсектік 14 инфекциялық стационарда 241 науқас емделіп жатса, соның 16-сы жансақтау бөлімшелерінде. 15 адам ауыр, біреуі аса ауыр халде. Инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 4, инвазивті емес осындай құрылғыға 10, оттегі концентраторына 2 науқас қосылған.
Жыл басынан бері 29 науқас коронавирустан көз жұмды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 270 мыңға жуық адамның коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын жазған болатынбыз.