Батыс Қазақстанда 6,9 млрд. теңгеге қысқа дайындық жұмыстары атқарылуда
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиевтің айтуынша, соның ішінде әлеуметтік мекемелер үшін сұйық және қатты отын сатып алуға 323,4 млн. теңге, 13 білім нысанын күрделі жөндеуге 2235,6 млн. теңге, Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылындағы аудандық аурухананы күрделі жөндеуге 248,5 млн. теңге, үш мәдениет нысанын күрделі жөндеуге 140,6 млн. теңге, «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес жылу, сумен қамту жүйелерін қайта құруға 2554,3 млн. теңге бөлінген болатын. Оған қоса Оралдағы инженерлік желілерді қайта реттеуге әлеуметтік жоба бойынша «ҚПО б.в.» компаниясы қаржысы есебінен 1420,0 млн. теңге қаралды.
Қазіргі уақытта облыс бойынша бюджеттік мекемелерге құны 323,4 млн. теңге тұратын 4,4 мың тонна көмір және 1,4 мың тонна сұйық отын қажет болса, ол толықтай жеткізілді. 2015-2016 жылғы жылыту маусымында бұл қажеттілік 6,7 мың тонна көмір және 2,2 мың тонна сұйық отынды (379,1 млн. теңге) құраған еді. Облыс елді мекендерін газдандыру есебінен қажеттілік 2,3 мың тонна көмір мен 0,8 мың тонна сұйық отынға (34,8 пайызға) кеміді. Соның нәтижесінде 55,7 млн. теңге бюджет қаржысы үнемделді.
Өңірде 645 білім нысаны қысқа толықтай дайын. Сол секілді 407 денсаулық сақтау нысанының 406-сы (99,8 пайыз), 379 әлеуметтік нысанның 378-і (99,7 пайыз) әзір. Орал қаласында 1164 үй, Ақсайда 105 үйдің барлығы даярлықтан өткізілді.
«Жайықжылуқуат» АҚ қазандық шаруашылығы мен жылу желілерін жөндеуге 295,7 млн. теңге қаралса, кәсіпорын бұл жұмыстарды 102 пайызға (302,64 млн. теңге) орындады. Сонда й-ақ «Жайықжылуқуат» АҚ инвестициялық бағдарламаға сәйкес өз қаржысы есебінен 311,2 млн. теңгенің жұмысын атқаруда.
Ақсай қаласында «Ақсайжылуқуат» МҚК 2,6 км жылу желісін 2 млн. теңгеге ағымдағы жөндеуден өткізді. Оған қоса «ҚПО б.в.» қаржысына 4-5-шағынауданды жылумен қамту үшін 874 млн. теңгеге қазандық салынуда. Мердігер мекеме «Kaz Contraction Group» ЖШС бұл нысанды желтоқсан айына дейін салып бітірмекші.
«Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Оралда 375,4 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 1,344 км жылу құбыры (екі жоба) қайта құрылуда.
«Батыс су арнасы» ЖШС инвестициялық бағдарламасына сәйкес 204,2 млн. теңгеге жөндеу, жаңғырту жұмыстарын атқаруда. Оған қоса «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес жеті жоба бойынша 1529,8 млн. теңгеге 9,8 км сумен қамту желілері және 4,1 км су бұрмалары салынуда. Күні бүгін 1031,6 млн. теңге игеріліп, жоспар 90 пайызға орындалды.
Сондай-ақ өз қаржылары есебінен «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ 226,5 млн. теңгенің, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ 255,5 млн. теңгенің жұмыстарын атқара келді.