ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 60-тан астам автокөлік қар құрсауынан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 17 наурызға қараған түні Тасқала ауданында орын алды.
Сағат 00.11 шамасында Тасқала-Аққурай жолының 3-9 шақырымы аралығында 59 жеңіл көлік, 5 «ГАЗель» және 1 «КамАЗ» автокөлігіне көмек көрсетілді.
Бұл көліктерде барлығы 138 адам болған, олардың 8-і - балалар.
Кеше бұрқасын соғып, желдің жылдамдығы секундына 14 метрге дейін жетуіне байланысты облыстық маңызы бар осы Тасқала-Аққурай-Болашақ жолында барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылған болатын.
«Аталмыш жол қазір де жабық. Басқа жолдар ашық», - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне ТЖ департаментінен.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).