Батыс Қазақстанда 600-ден астам жас әскер қатарына шақырылмақ

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1 шілдеге дейін Қарулы күштер, ҰҚК Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және мемлекеттік күзет қызметіне 600-ден астам жас шақырылмақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Альберт Бекмұхановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, 1 наурыздан бастап жергілікті атқарушы органдардың әскерге шақыру пункттерінде әкімдер орынбасарларының төрағалық етуімен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары жұмысқа кірісті.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңға сәйкес әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға негіздері жоқ 18-ден 27 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары мерзімді әскери қызметке шақырылады.

Әскерге шақырылушылар SMS-хабарламалар тарату, сондай-ақ үй және қызметтік мекенжайлары бойынша жеке шақыру қағаздарын жолдау арқылы хабардар етіледі.

Жастар екі рет, атап айтқанда, әскерге шақыру кезінде (жиын пункттерінде) және әскери бөлімдерге келген кезде ПТР тестісін тапсырады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында маңызды мәселеге тоқталған болатын. Ол – көптеген жастардың әскери борышын өтеуден жалтаруы. Осы орайда Қорғаныс министрлігі жастарды әскери қызметін өтеуге ынталандыруға бағытталған ұсыныстар әзірледі. Бұлар мерзімді әскери қызмет өтеу кезінде несиелік демалыс беруге, белгілі бір қызмет мерзімінен кейін бір жолғы ақшалай сыйақы төлеуге, сондай-ақ білім беру саласында және отбасы мүшелерінекоммуналдық қызметтерді төлеуде жеңілдіктер беруге қатысты. Бұл ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде», деді А. Бекмұханов.

Брифингте Орал қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Руслан Балтеміровтің толықтырғанындай, облыс орталығынан 250-ден астам жасты әскерге аттандыру жоспарлануда.

2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 желтоқсаны аралығында Орал қаласынан 225 жасты әскерге жіберу көзделсе, аттанғаны – 196, яғни жоспар 87,1 пайызға орындалды.

Наурыз-маусым айларында зерделеу жұмыстары кезінде келмей жүрген әскерге шақырылушыларды іздестіру бағытында бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізілетін болады.