ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 600 тоннадай шөп жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 18 шілде күні Теректі ауданы Богданов ауылдық округінде болды.
«Таңғы сағат 04.00-де «Родина» ЖШС аумағында 2405 орама (рулон) шөптің отқа оранғаны жөнінде хабар түсті. Өртті сөндіруге департаменттен 4 қызметкер (1 техника) жұмылдырылды. Сондай-ақ ерікті өрт сөндіру құрылымынан 10 адам, 3 трактор, 1 су құйғыш техника тартылды. Тілсіз жау бөлек үйілген 6 іскіртті (600 тоннадай) жалмады. Өрт 07.22-де оқшауланды.
Алдын ала болжам бойынша өрт қасақана от қоюдан шыққан. БҚО ТЖ департаменті тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керектігін еске салады», деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).