ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 7 мың адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, вакцина алғандардың көпшілігі – медицина қызметкерлері. Сондай-ақ педагогтар, құқық қорғау және басқа сала өкілдері бар.
Арман Талғатұлы ковидпен ауырғанына алты ай уақыт өткеннен кейін бүгін өзінің де «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін қабылдағанын жеткізді.
Қазіргі кезде Орал қаласы мен аудан орталықтарында отыз шақты егу кабинеттерінде тұрғындарды кесте бойынша вакцинациялау жүргізілуде.
Сәуір айының аяғына дейін облысқа тағы да 49700 доза вакцина әкелінбекші. Сол уақытта тұрғындардың едәуір бөлігін қамтуға мүмкіндік туады.
«Осыған орай айтарым, коронавирусқа тосқауыл қою үшін облыс тұрғындарының кемінде 50 пайызы екпе қабылдауы керек. Сондықтан адамдарды алдымен өздерінің денсаулығын сақтау үшін вакцина алуға шақырамын», деді А.Қалибеков.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда инфекциялық стационарда жатқандар саны 463-ке жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).